«Ұрпақтар сабақтастығы: Ұлт. Тіл. Отан – мәңгілік мұратымыз»

 Университеттің гуманитарлық-әлеуметтік институты Қазақ филологиясы мен журналистика кафедрасы жанындағы студенттердің «Дарын» үйірмесінің ұйымдастыруымен Халықаралық Ана тілі күні құрметіне «Ұрпақтар сабақтастығы» атты сыр-сұхбат өтті.

Оған Жамбыл облыстық «Алтын шырақ» балалар журналының бас редакторы, жазушы-драматург Елен Әлімжан, университеттің құрметті профессоры, Абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы, «Жамбыл-Тараз» газетінің редакторы орынбасары, журналист Еділ Әлиев қатысты.
       Үйірме мүшелері тәуелсіз елінің болашағына қатысты келелі мәселелер төңірегінде ғалым ағалардың мазмұнды әңгімелерін тыңдады және өз тұстарынан осыдан 100 жыл бұрын жарыққа шыққан қазақ даласына тұңғыш ұлттық идея таратушы кітаптар – ұлы Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербург қаласынан жарық көрген тұңғыш жинағы, Міржақып Дулатұлының Уфа қаласында басылған «Оян, қазақ» еңбегі және сол жылы Ахмет Байтұрсынұлының Орынборда жарық көрген «Қырық мысал» жинақтарының ел бірлігі мен азаттығы үшін маңызы туралы ой қозғады. Алаш зиялыларының «Қазақ» газетін ұйымдастырудағы мақсаттары мен бүгінгі Қазақстан Республикасының тәуелсіздікті баянды ету жолындағы мақсаттарының үндесуі жайында студенттер Данияр Әлімқұлов, Нұржауова Айша, Абай жинағы жайлы Абай Дүйсенов, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі басты идея жайын Берік Төлеуов  сөз етті.Халықаралық Ана тілі күні тілдің мұңы да айтылмай қалмады. Шығармашыл жастардың қатары көбейіп, өз елінің болашағы мен бақытты өмірдің кілті – терең білім мен рухани азаттық екендігі жайлы ой-толғамдарын сұлу тілмен жеткізуге ұмтылысы қуантады. Осы күні профессор М. Мырзахметұлы 46 меткептің 7 сынып оқушысы жас талапкер Ғалия Уәлиеваның тырнақалды туындыларына табыс тіледі. Жазушы Елен Әлімжан  биылғы Б. Момышұлының 100 жылдығы турасында студенттерге тағылымы мол ғибратты әңгіме айтып, оның тек соғыс батыры ғана емес, ұлт батыры екенін тану жайын баян етті.
      Студенттер Ана тілі күніне арнап ақын Күлаш Ахметованың «Сен қазақсың», Әділғазы Қайырбековтың «Қазақша оқыт балаңды» өлеңін, Нарша Қашағанұлының өлеңдерін оқыды.
      Кешті кафедра меңгерушісі Әзімхан Оразбайұлы қорытындылай келіп, студенттерге шығармашылық табыс тіледі.

                               
                    Ұлы Абайдың 100 жыл бұрын жарық көрген алғашқы жинағы

                 Сен – қазақсың!
                 Қазақ едің туғанда!
                 Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да,
                 Ата жұрттан, Ана тілден айрылма,
                 Төбеңде күн, төменде жер тұрғанда!
                                               Күләш Ахметова

                 Уақыт берер бағаңды,
                 Ұлт үшін күрес табанды.
                 Ұрпағың жайсын тамырын,
                 Қазақша оқыт балаңды!
                                              Әділғазы Қайырбеков

 

 

Хабарландырулар

 

kusjoly.png