Маусым айының 4 жұлдызында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-да ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған атақты тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен этно-мәдени орталықтар өкілдерінің қатысуымен «Бұл менің елім» атты кездесу болып өтті.
Аталмыш кездесуге атақты тұлғалар, қоғам қайраткерлері, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этно-мәдени орталықтарының өкілдері мен жастар, облыс ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптық топ мүшелері, ТарМУ ұстаздары мен білімгерлері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Кездесудің мақсаты: Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және насихаттау, қолданылу аясын кеңейту, қастерлеу. Этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, ізгілік пен төзімділікті, қазақстандық отансүйгіштік пен ұлтжандылықты қалыптастыру жөніндегі ой-пікірлерді ортаға салу.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ кәсіподақ ұйымының төрағасы, п.ғ.д., профессор Л.Ә. Байсерке кездесуді ашып, жүргізіп отырды. Қонақтарға сөз берер алдында, ҚР Әнұраны орындалды.
Кездесуге арнайы шақырылған қонақтар М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-нің құрметті ректоры, т.ғ.д., профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі М.Ф. Уркумбаев, Жамбыл облысының құрметті азаматы, саясаттанушы, жазушы, ғалым Ә.Ә. Исақ, «Вынуха» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі, еңбек ардагері И.М. Юнусов, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы З.Ж. Сембина сөз сөйледі. М.Х. Дулати атындағы ТарМУ Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар институтының 2 курс білімгері Тоқпанов Самат «Мемлекеттік рәміздер» атты төл туындысын оқып берді. Кездесу соңында аталмыш мерекеге байланысты ой-пікірлер ортаға салынып, талқыланды.
ТарМУ баспасөз қызметі



















