ФАКУЛЬТЕТ ТАРИХЫ

 

 

«Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультеті университеттегі алғашқы құрылған факультеттардың бірі. «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультеті Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс факультетінің құрамында бұрынғы гидромелиоративтік және инженерлік-құрылыс факультеттерінің негізінде құрылып,  Қазақстанның барлық аймақтарына, шетелдік және отандық фирмаларға су және ауыл шаруашылығы, экология, құрылыс, сәулет және т.б. салалар бойынша мамандар дайындайды.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті құрылғанда факультет «Табиғатқа үйлестіру» және «Құрылыс» факультеттері болып аталды. 2002 жылдан факультет «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультеті болып аталды. Сол жылдары факультетті профессор Әнуарбек Талқаұлы Әймен басқарды. 2008 жылы факультеттің деканы болып профессор Михаил Николаевич Сенников тағайындалды. 2009 жылы факультет «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультеті болып өзгертілді. 2011 жылдан бастап факультетті профессор Нұрлан Омаралыұлы Іңкәрбеков басқаруда.
Факультетта 4 салалық академиялардың академиктері, 14 ғылым докторлары мен профессорлар, 43 техника ғылымдарының кандидаттары, PhD докторлары мен доценттер оқу-тәрбие жұмыстарын баянды жүргізіп отыр.
Факультет құрамына “Сәулет және өндірістік дизайн”, “Жерге орналастыру және кадастр”, “Су ресурстары”, “Өмір тіршілік қауіпсіздігі”, «Мелиорация және агрономия», «Экология», «Биология» және «Құрылыс материалдары және конструкциялары» кафедралары кіреді. Олар  арнайы мамандар дайындаушы кафедра болып табылады.
Факультетте 13 бакалавриат, 10 магистратура және 2 PhD докторантура  мамандықтары бойынша дайындық жүргізіледі.
Өзінің 50 жылдық тарихында факультет 10 мыңға жуық мамандар дайындады. Факультеттің мамандар дайындау бағыты уақыт талабына, қазіргі заманғы техника мен технологияға сай келетіндей, көпжылдық тәжірибе нәтижесінде жинақталған ең алдыңғы және болашағы бар тәжірибесін оқыту мен енгізуге бейімделген. Факультет қоғамның әл-ауқатының негізін құрайтын ең маңызды табиғи ресурстары - Су мен жер байлықтарын зерделі және тиімді пайдалана алатын, сондай-ақ күрделілігі әртүрлі гидротехникалық, өнеркәсіптік және азаматтық құрылымдарды жобалайтын, пайдаланатын және бағалайтын, су және құрылыс нысандарының мониторингін жүргізе алатын, су пайдалану, су және жер қорларын қорғау жүйесін басқара алатын мамандарды дайындап шығарады.
Мамандарды сапалы дайындау үшін қазіргі заманның инженерлік және ақпараттық технологияларының сұраныстарына сай оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған гидравлика, гидротехникалық құрылымдар, сумен қамту және су бөлу, гидромелиорация, сорғы станциялары, гидромелиоративтік жұмыстарды ұйымдастыру, мелиоративтік жүйелерді пайдалану, қолданбалы экология, биология, тіршілік қауіпсіздігі, құрылыс және сәулеттік жақсы жабдықталған зертханалары  мен оқу кабинеттерімен қамтылған. Сонымен қатар, мелиорация, топырақтану, ботаника және суғармалы егіншілік пәндерінен оқу зерттеу мақсаты үшін жазғы кезеңде пайдаланылатын суғару техникасы полигоны жұмыс атқарады.
Бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс факультеті негізі болып табылатын Гидрокешені күрделі жөндеуден өтіп, корпус ішіндегі барлық жиһаздар жаңартылды. Студенттер мен оқытушыларға жағдай жасалынып, барлық тәлім беруге қажетті құрал-жабдықтар жаңартылды, интерактивті тақталар орнатылып, лингафонды кабинеттер мен  мультимедиа сыныптары ашылды. Бүкіл ғылыми-технологиялық жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін – мамандар дайындаудан ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге дейін көптеген жұмыстар атқарылды. Қазіргі кезде университет оқытушылары АҚШ, Англия, Германия, Италия, Түркия, Латвия, Эстония, Литва, Белорус, Ресей, Қытай, Үндістан алыс және жақын шетелдерден тағылымдамадан өтіп жатыр.
Тұңғыш рет  «Қант қызылшасын тамшылатып суғару және пластикті мульчирлеу арқылы өсіру технологиясын зерттеу» халықаралық жобасы бойынша Қытай Халық Республикасының Шехизи университеті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің арасында ынтымақтастық туралы келісім шарт жасалынып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Факультетте Ұлттық ғылым Академиясының Оңтүстік Қазақстан бөлімшесіне қарасты, химиялық технологиялар орталығы және де тротуарлық тақтайшалар өндірісі бойынша эксперименталдық  цех жұмыс істейді.
«Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультетінде қоршаған ортаны қорғау, табиғат қорларын тиімді пайдалану, ғимараттар мен құрылымдардың техникалық және сейсматикалық жағдайын әр түрлі агроклиматтық зоналардағы өзгерісін жан-жақты талдау жасау және техникалық ұсыныстар беру ғылыми зерттеу бағыттарында негізгі 10 гранттық және шаруашылық келісімшарт бойынша жұмыстар 20 млн. теңге көлемінде жыл сайын орындалуда.
Факультет ғалымдары ТМД елдерінің аумағындағы ауылшаруашылық жерлерін мелиорациялаудың концепцияларын жасауға, сондай-ақ «Арал теңізі алабындағы су және жер қорларын тиімді пайдалану және қорғау стратегиясы» бағдарламасына және Арал қорының алғашқы бағдарламаларын бағалауға Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түркменстанның және Тәжікстанның көрнекті ғалымдарымен бірге атсалысты.
Көпжылдық жемісті еңбектерінің нәтижелері бойынша әр жылдары  профессор Әбдіраманов Ә.Ә., Сағындықов А.А., Сенников М.Н., Жұмабеков  Ә.Ә., Сейтқазиев Ә.С. «Жоғарғы оқу орнының ең үздіқ оқытушысы» атты Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің грант иегерлері атанды.
Факультет ұжымы мемлекеттің саяси бағдарламасы аясында өсіп келе жатқан жас буынның патриоттық, рухани-адамгершілік тәрбиесіне үлкен назар аударуда. Оның негізгі мақсаты студенттердің өзін-өзі басқару, жастардың мәдениеттілігін көтеру, өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі оқытуға ынталандыру. «Салауатты өмір салты» бағдарламасы аясында факультет ұжымы жастармен түрлі сипатта жұмыс жасауда. Атап айтар болсақ, аталған тақырыпқа байланысты жыл бойы кең көлемді акциялар, дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер, пікір алмасулар, салауатты өмір салты және құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер өткізіліп тұрады. Аталмыш іс-шаралар тәрбиелік мәні және жастардың оң қөзқарасына, жастарды дұрыс тәрбиелеп, оларға дұрыс білім алуына әсер етеді.
Кеңес заманында республикамызда және Одақ көлемінде су шаруашылығы мен құрылыс салаларына қажетті білікті мамандар дайындауда Жамбыл гидромелиоративтік және құрылыс факультетінің мәртебесінің жоғары болғандығы баршамызға белгілі. Бүгінде аталған факультет мақтанышына айналған түлектер қоғам және мемлекет қайраткерлері, бизнес өкілдері, олимпиада және әлем чемпиондары  еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етуде. Атап айтсақ, Серик Абдрахманұлы Абдрахманов, Серик Керимбекұлы Қонақбаев, Алдиярбек Алиасқарұлы Тусупов, Сағымбек Әділбекұлы Ақшалов,  Бахтияр Карипуллаұлы Артаев, Ильяс Әлімұлы Тортаев, Бахтияр Әбілхайырұлы Алдашов, Рахманқұл Тұрсынқұлұлы Байтелиев, Өмірбек Асықбекұлы Жампозов, Сансызбай Жорабеков, Бауыржан Мелдебекұлы Қойбақов, Алексей Григорьұлы Рау, Сағит Рахматуллаұлы Ибатуллин, Асылтастанбек Әмірұлы Тайпақов, Алимкұл Маметалиұлы Тұрысов, Бахыт Сағынбекұлы Шалбаев, Жамбылбек Әшірұлы Шахабаев.