ҒЫЛЫМИ ІС-ШАРАЛАР

Университет ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін Қазақстанда және шет мемлекеттерде өтетін түрлі деңгейдегі конференцияларда, симпозиумдарда, форумдарда ұсынып келеді. Университетте жыл сайын ғылымның әр саласы бойынша аймақтық, республикалық және халықаралық конференциялар ұйымдастырылып келеді.

Соңғы 3 жылда университетімізде 9 халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. 

2018 жылдың 9 қазанда университетте «Дулати мұралары және әлем руханияты» тақырыбында «Х Дулати оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. 
Оқу ордасының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференция жұмысына биылғы жылы да алыс – жақын шет елдің ғалымдары белсене қатысып, Дулатидың өмірі мен соңына қалдырған мұрасы жөніндегі тың деректермен бөлісті. «Орта ғасырдағы қазақ тарихының көрнекті өкілі, Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәңгілік жасайтын ғажайып бай мұраларына соңғы жылдары арналған, көптеген құнды зерттеу еңбектері, жекелеген мақалалар жазылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға ғұламаның есімін иеленуші Тараз мемлекеттік университеті де өзіндік деңгейде нәтижелі жұмыстар атқаруда және алдағы уақытта да жаңа ғылыми ізденістерге ықпал жасай бермек», деді конференцияда сөз алған университет ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков. 

Пленарлық мәжілісте «Мұхаммед Хайдар Дулати Кашмир тарихында» тақырыбында баяндама жасаған шығыстану институтының директоры, Қазақстан жоғары мектебі ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі тарихшы мұрасын Үнді елінде зерттеп жүрген ғұламалар жайында сөз қозғады. «Бүгінде Үндістанда Дулатитану бағытында зерттеу жүргізіп жүрген 3 ғалымды жақын білемін. Соның бірі Мансура Хайдар ханым. Оның еңбектерінде М.Х.Дулатидың тұлғалық қыры толық сипатталған», дейді Әбсаттар Дербісәлі. Пленарлық мәжіліс барысында Шыңғысхан әулетінің шежірелік деректері туралы зерттеулері мен бөліскен тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаныыындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, ҚР ҰҒА Құрмет академигі Талас Омарбеков орта ғасырдағы Қазақстан тарихының әлі де жаңа деректермен толыға беретіндігін айтты. Өз кезегінде, белгілі дулатитанушы Мұхтар Қазыбек «Қазақтың тұңғыш жазушысы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, конференцияда Қазақстан ғалымдар одағының Президенті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық инженерлік академиясының академигі, экономика ғылымдырының докторы, профессор Оразалы Сәбден « ХХI ғасырда Түркі әлеміне серпіліс беру парадигмасы» тақырыбында және т.б. ғалымдар баяндама жасады. Баяндама соңында «Даму белестері» кітабының тұсауы кесілді. Пленарлық мәжілістің соңында Дулати мұрасының тарихи, әдеби және саяси-әллеуметтік маңызы жөнінде тарихшы–әдебиетші ғалымдар өз зерттеулерін ортаға салды.Содан кейін, университеттің 60 жылдығына салтанатты іс-шаралар аясында университеттің дамуына зор үлес қосқан ректорларға арналған ғылыми орталық пен аудиториялардың тұсауы кесілді.

Біз «Үркімбаев оқуларын» дәстүрге айналдырып келеміз, алғашқы Үркімбаев оқулары 2012 жылы 2-3 қарашада, одан кейін 2013 жылдан бастап 22-23 қарашасында өткізілуде.

2019 ж. 22 қарашада Марс Фазылұлы Үркімбаевтың  80 жылдығына арналған

«V Үркімбаев оқулары»  Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Конференция жұмысына Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан ғалымдары, сонымен қатар Марс Фазылұлының достары, шәкірттері, замандастары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, магистранттары мен докторанттары қатысты.

2008-2012 жылдар аралығында  университетіміздің ректоры  болған  Халықаралық инженерлік академиясының академигі және ҚазҰЖҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ахметов Әшімжан Сүлейменұлын еске алуға арналған  Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы дәстүрлі түрде өткізілді.

2020 жылдың 14 ақпанында Ахметов Әшімжан Сүлейменұлының 70 жылдығына арналған «Экология және табиғатты пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында тақырыбында өтті.

2019 жылдың 6 қыркүйекте Университетімізде «Елбасының тарихи миссиясы: жаһанданған әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияда жаhанданған әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелеріне қатыстысаяси, тарихи, экономикалық, философиялық, мәдени, социологиялық, құқықтық және басқа қырлары келесі бағыттар бойынша талқылау ұсынылды:

  1. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құруға және антиядролық қозғалысқа қосқан үлесі
  2. Қазақстанның ТұңғышПрезиденті және жаһандық қауіпсіздік мәселелері
  3. Елбасының бітімгершілік миссиясы
  4. Жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі халықаралық ұйымдардың рөлі
  5. Жастар - жаһандық қауіпсіздіктің маңызды әлеуеті

2019 ж. 27 қыркүйегінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Дулат баба және М.Х.Дулати: тарихи-рухани сабақтастық» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына студенттер, магистранттар, докторанттар мен ЖОО оқытушылары қатысты.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:

  • Дулат тайпаларының отандық және халықаралық тарихи үрдістердегі орны.
  • Тұлғалар үндестігі: Дулат баба және М.Х. Дулати.
  • Тарихи тұлғалар және «Мәңгілік Ел» идеясы.

2019 жылждың 7 қарашасында «Инновациялық даму және қазіргі Қазақстандағы ғылымның қажеттілігі» тақырыбында жас ғалымдардың XIII халықаралық ғылыми конференциясы ұйымдастырылды.

2019 жылдың 14 қарашасында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ұлттың ұлы тарихы ұрпаққа мұра. Тарихтағы әрбір айтулы кезеңнен халықтың болмысы мен тағдыры көрініс табады. Ал ұлт мемлекеттілігіне жаңа бетбұрыс әкелген тарихи кезеңдердің бәрі де қазақ тарихында алтын әріппен жазылатын шежіре. Тарихтан тағылым алу, тарихты жасаған тұлғаларға тағзым ету де елдіктің көрінісі. Айтулы тарихи шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысты. Шараны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, Талас құрылтайының тарихи маңызына тоқталды. Академия басшысы өз сөзінде екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз Түркі қағанатының орталығы болғанын, сонымен қатар Қазақ хандығының қазығы қағылған аймақ екенін атап өтті.

2019 жылдың 6 желтоқсанында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бас ғимаратында Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Тұрар Рысқұлов – Халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тұрар Рысқұлов есімінің ел тарихында алар орны ерекше. Оның қоғамдық-саяси өмірінде атқарған істері, күрескерлік рухы көпке үлгі, ұрпаққа өнеге. Бүгінде тарихи тұлғамыз турасында түрлі зерттеу еңбектері жазылып, есімі ұлықталып, 125 жылдық аясында көптің назарына ұсынылуда. Осындай мақсатта ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, Қазақстан ғалымдар одағының президенті Оразалы Сабден арнайы қатысты.

11сәуір 2020 ж. Университетімізде Мелиорация және  экология саласындағы  белгілі ғалым ,техника ғылымдарының  докторы, профессор Сейітқазиев Әдеубай  Садақбайұлының    70 жылдығына  орай   ұйымдастырылған   «Төртінші өнеркәсіптік  революция жағдайындағы  су шаруашылығының  агроөнеркәсіптік  кешені  және мелиорациядағы  экологиялық   мәселелер » атты  халықаралық  ғылыми-тәжірибелік  конференция өтті.

Top