ҚҰРМЕТТІ ТАЛАПКЕР!

DSC 8628Бүгін Сен өміріңдегі ең маңызды шешім қабылдау сәті алдындасың. Үлкен өмірге алғашқы қадамыңды жасап, өзіңнің арманыңдағы мамандық иесі атануға жетелейтін жол үстіндесің. Бұл сәтте жасаған әрбір қадамың мен қабылдаған шешімің Сенен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дұрыс жасалған таңдау жарқын болашаққа, табысқа жеткізетінін әсте естен шығармаған жөн.
Жастар – өркениетке бет бұрған еліміздің болашағы, ертеңгі мемлекет тірегі. Қазақстанның дамып, өркендеуі жастарымыздың білімі мен ақыл-ойының тереңдігіне байланысты. Қазақстандағы әрбір жас ұрпақтың ертеңгі күні дүниенің төрт түкпірінде өзінің қалаған, ұнатқан және қоғамға пайда ойлар мақсатта еркін еңбек ете алатын, заман талабына сай маман болуын Президент Н.Ә.Назарбаев басты назарда ұстап келеді. Сондықтан жас ұрпақтың Елбасы бастаған көш-керуенге кідіріссіз ілесуі – өзекті мәселе.
Бәсекеге қабілетті Қазақстанға ең қажеттісі – білімді жастар. Бүгінгі таңда нарықтық экономика заңдылықтарының терең тамырлануына байланысты қазақстандық жастар алдында сапалы білім алу мәселесі өткір тұр. Бұл ретте өзінің болашағын терең жоспарлаған әрбір жас ұрпақ заманауи жоғары оқу орнында білім алуы қажет.
Халқымыздың рухын асқақтататын ұлы Дулати бабамыздың есімін иемденген білім ордасы – Тараз мемлекеттік университеті жас ұрпақты әлемді мойындататын рухани биікке көтеруді басты мақсат тұтады. Университет еліміздің еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие кәсіби мамандарды даярлауда алдыңғы қатарда келеді. Білікті профессор-оқытушылар құрамы студенттерге сапалы білім беру барысында алдыңғы қатарлы білім беру технологиялары мен әлемдік озық тәжірибелерді игеріп, оқу үрдісінде кеңінен пайдаланады.
Жас дос! Тараз мемлекеттік университеті қабырғасынан алған заманға сай жан-жақты білімің, нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге қабілеттілік, бойыңа сіңірген білім мен ғылым, ұлттық рух, мәдениеттілік пен парасаттылық арманыңдағы мақсаттарыңа жетудегі баспалдақ болары сөзсіз. Сәттілік тілеймін!

Құрметпен, М.САРЫБЕКОВ,
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ ректоры, п.ғ.д., профессор

Top